Адамдарды бопсалап, ақша талап еткен: Полиция Сандуғаш Тұрлыбековаға қандай айып тақты

Наурыз 11, 2024, 4:08 Т.Ж.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Сандуғаш Тұрлыбекованы ұстау дерегі бойынша полиция түсінік берді.

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, көпбалалы ана Сандуғаш Тұрлыбекованы полиция ұстап әкетіп бара жатқаны бейнеленген фото тарады. 

Осыған орай Қызылорда облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын, қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатқанын мәлім етті. 

Оқиғаның мән-жайына байланысты Жаңақорған аудандық полиция бөлімі мәлімдеме жасады.

«28 ақпан және 6 наурыз күндері Қызылорда облысының полиция департаментіне облыстың екі тұрғыны жүгінді. Олар осы азаматшаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арызданған. Тұрлыбекова бопсалау арқылы және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрлыбекова ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше бопсалау фактілері анықталды. Процеске қатысушылардың жауабын бұрмалауға ықпал етіп, тергеудің жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тергеу соты оны күзетпен ұстау шарасын санкциялады. Ұстау заң шеңберінде жүргізілді. Арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістер қолданылған жоқ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», – деп атап өтті Жаңақорған аудандық полиция бөлімінен.

Теги: