«Әділ сөз» қорының президенті қызметінен кететінін мәлімдеді
Бұл туралы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова желіде жазды.
– Былай қарасаң, Халықаралық сөз бостандығын қорғау «Әділ сөз» қоры өмірімнің әр кезеңінде қасымнан табылып отырған екен.Студент кезімде бұл қорға тренингтерге қатысқам. Еңбек жолымның алғашқы кезеңінде оның сараптамалық материалдары мен әдістемелік құралдарына жүгінетінмін. Кейін халықаралық ұйымдарда жұмыс істегенде қор мен оның жобаларына қолдау көрсету мүмкіндігіне ие болдым. Бұл қордың маған жақын болып кеткенінен ғана емес. Мен оның атқарып жүрген миссиясының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін әрдайым түсіндім.«Әділ сөз» осы жылдар ішінде сөз бостандығын тиімді қорғауға мүмкіндік беретін бірегей сараптамалық және талдамалық базаны қалыптастырды. Ол медиа саласының барлық қатысушылары арасында кәсіби диалог орнатуға, заңнаманы жетілдіруге үлес қосуға және журналистердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етіп келеді. Мұның бәрі – қор ұжымы заңды түрде мақтана алатын орасан зор институционалдық капитал.Соңғы үш жыл мен үшін тұтас бір дәуірмен тең болды. Бұл уақыт еліміздің медиа кеңістігіне, оның күшті тұстарына, сын-қатерлеріне және күн сайын өз ісін адал әрі кәсіби атқарып жүрген адамдарға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Әрине, оңай болған жоқ. Шаршаған, күмәнданған, эмоциялық тұрғыдан ауыр сәттер де болды. Бірақ көпшілікке көрінген де, өзіміз ғана білетін де үлкенді-кішілі ортақ жетістіктердің қуанышы әлдеқайда басым еді.Қор ұжымына, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі достарымызға және серіктестерімізге сенімі, қолдауы және бірге атқарған еңбегі үшін шынайы алғысымды білдіремін.Бүгін мен құрылтайшылар жиналысына Халықаралық сөз бостандығын қорғау «Әділ сөз» қоры президенті өкілеттігін тоқтату, сондай-ақ Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуыма байланысты рөлдер қақтығысының туындауына жол бермеу мақсатында құрылтайшылар құрамынан шығу туралы өтінішімді жолдадым.Жақын уақытта құрылтайшылар қордың жаңа президентін сайлап, өз шешімдерін ресми түрде жариялайды.Жаңа басшыға шын жүректен табыс, парасатты шешімдер мен толайым жетістіктер тілеймін. «Әділ сөз» қоры Қазақстанда сөз бостандығын қорғау жолындағы өз маңызды миссиясын алдағы уақытта да абыроймен жалғастыра беретініне сенемін, – деп жазды ол.