Агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 60-тан астам елге шығып жатыр — АШМ
Қазақстан өз астығын Иран мен Әзербайжан нарықтарына қайта шығара бастады.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінде агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлім етті.
— Жалпы, агроөнеркәсіп өнімдері (АӨК) экспортында өсімнің оң серпіні байқалып отыр. Мәселен, соңғы 5 жылда (2020-2024 жылдар) АӨК өнімі экспортының көлемі 51 пайызға өсіп, 5,1 млрд АҚШ доллары болды. Экспорт географиясы әлемнің 66 елін қамтиды және өңделген өнімнің үлесі 52 пайыз болды. Негізгі дәстүрлі өткізу нарықтары бұл — Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Иран, Түркия, Қытай және Европа Одағының (ЕО) елдері, — деді Ербол Тасжүреков.
Оның айтуынша, өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттаудың негізгі тауарлары: бидай, арпа, зығыр тұқымдары (семена льна), бұршақ дақылдары және басқалар. Мал шаруашылығы өнімдері арасында сиыр және қой еттері, мұздатылған балық бар. Өңделген өнімдер қатарында бидай ұны, күнбағыс майы, газдалған су, мақта талшығы және басқа да өнімдер қамтылған. Атап айтқанда, экспорт құрылымында астық және майлы дақылдар, ұн, өсімдік майлары, кондитерлік өнімдер, сиыр және қой еті сияқты тауарлар басым.
— Былтыр рекордтық 25,2 млн тонна астық жиналды. Қазіргі таңда астықты ішкі нарықта және экспортқа сату үшін барлық қажет шара қабылданып жатыр. Статистикалық мәліметке сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша астық экспорты 7,9 млн тонна болды, бұл оның алдындағы жылдың деңгейінен 11,2%-ға немесе 882,8 мың тоннаға кем (2023 жылы — 8,7 миллион тонна). Сонымен қатар жаңа өнімнің экспорты бойынша оң динамика байқалып отыр. Мысалы, қыркүйек-наурыз айлары аралығында өткен жылмен салыстырғанда астық экспорты 55%-ға өсіп, 6,8 млн тоннаға жетті. Негізгі импорттаушы елдер — дәстүрлі Орталық Азия нарықтары, оларға 3,6 млн тоннадан астам астық экспортталды. Сондай-ақ Ауғанстанға 264 мың тонна, ал Қытайға 824 мың тонна жеткізілді, — деді вице министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан өз астығын Иран мен Әзербайжан нарықтарына қайта шығара бастады. Бұл елдерге тиісінше 791 мың тонна (өсім 18 есе) және 459 мың тонна (өсім 98 есе) астық экспортталды.
Астық тасымалдаушыларды қолдау үшін көлік шығындарын субсидиялау шаралары енгізілді. Қазір Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы Үкімет қаулысы жобасы қол қою сатысында тұр.