Ақылы жол жүйесі саланың жұмысына қаншалықты игі әсерін тигізді

Сәуір 15, 2026, 9:19 Т.Ж.

Қазақстанның автомобиль жолдарында ақылы жүйенің енгізілуі қаржыландырудың тұрақты моделін қалыптастырып, көлік инфрақұрылымының сапасын арттыра отырып, автожол саласының дамуына елеулі ықпал етіп келеді.

ҚР Көлік министрлігі

Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі таңда елімізде жалпы ұзындығы шамамен 4,9 мың шақырымды құрайтын 26 ақылы учаске жұмыс істейді және олардың саны артып, негізгі республикалық тасжолдарды қамтуда. Ақылы жүйе мемлекеттік бюджетке толық тәуелділіктен өзін-өзі қаржыландыру принципіне көшуге мүмкіндік беретін маңызды экономикалық құралға айналды.

Қаржылық көрсеткіштер тұрақты өсімді көрсетуде: 2025 жылдың қорытындысы бойынша ақылы учаскелерден түскен табыс шамамен 86 млрд теңгені құрады (2024 жылғы көрсеткіш – 48 млрд теңге), ал жүріп өткен көліктер саны 70 миллионнан асты. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы ақылы жолдардан 32 млрд теңгеден азырақ қаражат жиналған болатын.

Бұл ретте барлық түсімдер тек жолдарды күтіп ұстауға, ағымдағы және орташа жөндеуге, жаңа техника сатып алуға, сондай-ақ ақылы автомобиль жолдарын басқаруға ғана бағытталады. Осылайша, аталған шараларды қаржыландыру қаражаты жалпы салық төлеушілер есебінен емес, автожол инфрақұрылымын тікелей пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылады.

Жүйенің практикалық тиімділігін соңғы жылдардағы нәтижелер растайды. 2024 жылы жиналған 48 млрд теңге жол инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуін, оның ішінде ақылы учаскелерді күтіп ұстауды және төлем алу жүйесінің қызметін қамтамасыз етті. Сонымен қатар күрделі салымдарға, оның ішінде 680 арнайы техника сатып алуға мүмкіндік берген. Жыл ішінде жол-пайдалану жұмыстарының ауқымды көлемі орындалды: 43 мың м²-ден астам аумақта шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 17,6 мың км жол белгілері сызылды, 29 мыңға жуық сигналдық бағандар орнатылды, жол белгілері монтаждалып, барьерлік қоршаулар жөнделді.

2025 жылы жұмыс көлемі артты. 86 млрд теңге көлемдегі түсімдер есебінен ақылы учаскелерді күтіп ұстауға және жөндеуге, төлем алу жүйесінің жұмысын қамтамасыз етуге және техниканы жаңартуға қаражат бағытталды. 89 трактор сатып алынды, сондай-ақ тағы 504 техниканы жеткізу жоспарланған. Есепті кезеңде 61,4 мың м² аумақта шұңқырлы жөндеу жүргізілді, 19,6 мың км жол белгілері сызылды, 4 мыңнан астам жол белгілері орнатылды және 31,6 мың метр қоршаулар жөнделді.

Ақылы жүйені енгізу саладағы жүйелі өзгерістерге әкелді. Жолдарды күтіп ұстаудың тұрақты қаржыландырылуы қамтамасыз етілді, бұл олардың сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Негізінен реконструкциядан өткен, жылдамдық, өткізу қабілеті және қызмет көрсету деңгейі бойынша заманауи талаптарға сай келетін жолдар ақылы болады. Бұл жылдам жүретін көлік дәліздерін дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме азаяды, бұл бюджет қаражатын жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қайта бөлуге мүмкіндік береді, сондай-ақ саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Бұл ретте Қазақстандағы ақылы автомобиль жолдарындағы тарифтер деңгейі шетелдік елдермен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр.

Жүйені жетілдірудің қосымша элементі ретінде ақауы бар деп танылған учаскелерде төлем алуды тоқтатуды қарастыратын норма енгізілді. Белгіленген талаптарға сай еместігі анықталған жағдайда, ақаулар толық жойылғанға дейін жол жүру үшін ақы алынбайды. Бұл оператордың жауапкершілігін арттырады және пайдаланушылар үшін әділ қағида орнатады.

- Пайдаланушылар үшін төлеудің қосымша ыңғайлы және экономикалық тиімді тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті автокөліктер үшін ақылы жолдарды жүйелі пайдаланған кезде шығынды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретін айлық және жылдық абонементтер бар. Сонымен қатар, алдын ала төлеу жүйесі посттөлемге қарағанда төмен тарифтерді көздейді. Халық үшін жол ақысын төлеу мерзімі бір айға дейін ұзартылды, бұл жүргізушілерге есептеулерді уақытылы өтеуге көбірек уақыт береді, - делінген хабарламада.

Жалпы алғанда, ақылы жолдар жүйесі автожол саласын дамытудың экономикалық тұрғыдан орнықты моделін қалыптастырады, мұнда пайдаланушылар инфрақұрылымды нақты пайдаланғаны үшін ақы төлейді, ал алынған қаражат оны күтіп ұстауға және дамытуға бағытталады. Тарифтердің қолжетімділігін сақтай отырып, ақылы учаскелер желісін кеңейту бұл тетікті ұлттық көлік желісінің сапасы мен тиімділігін арттырудың басты факторларының біріне айналдырады.

Теги: