Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жүйесіне жаңа шектеу енгізілді

Маусым 15, 2026, 8:11 Т.Қ.

Жеке компаниялар енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында сақтандыру шарттарын өз қарыздарын қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалана алмайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы негізінде тиісті өзгерістерді бекітті.

Фото: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы

Бұл өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға (ӘКК) жүргізілген мемлекеттік аудит барысында анықталды. Тексеру кезінде кейбір жағдайларда бір жылға жасалған сақтандыру шарттары ӘКК тарапынан ұзақ мерзімге берілген қарыздарды қамтамасыз ету құралы ретінде қабылданғаны белгілі болды. Осындай жағдайлардың бірі «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-да болған.

Берілген мерзімде міндеттемелерді қамтамасыз ету кепілінің болмауына қарамастан жеке ЖШС-ға 544 млн теңгеге қарыз берілген. Нәтижесінде компания қарызды қайтара алмай, ӘКК өтеу міндеттемесін өзіне алуға мәжбүр болды. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін Жоғары аудиторлық палата Ауыл шаруашылығы министрлігіне Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына түзетулер енгізуді тапсырды.

Атап айтқанда, қарыздар бойынша қамтамасыз ету ретінде сақтандыру шарттарын пайдалану мүмкіндігін толық алып тастау ұсынылды.

-Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы негізінде күшіне енді.Бұл қадам өңірлік ӘКК-лердің қаржылық тұрақтылығына және жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмыстың тиімділігіне оң әсер етеді,-делінген хабарламада.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның өзге де тапсырмалары мен ұсынымдарының орындалуы бақылауда болады.

Теги: