Алғашқы АЭС-ке үздік атау беру конкурсы басталды
25 қыркүйек күні сағат 12:00–де Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс басталды.
Конкурсқа әрбір қазақстандық eGov Mobile арқылы қатыса алады.
Сауалнама eGov Mobile мобильді қосымшасында жүргізіледі. Басты парақшада «АЭС-ке атау ұсыныңыз» баннері орналастырылған, ал пайдаланушыларға конкурстың басталғаны туралы push-хабарлама жіберіледі.
Бастаманың мақсаты — болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық маңызын айқын көрсететін атау таңдау.
Қатысу үшін:
* тілді таңдау (қазақ немесе орыс);
* өз нұсқасын ұсыну;
* атаудың мағынасын қысқаша сипаттау (міндетті емес);
* конкурстың ресми қағидаларымен танысқанын растау.
Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазандағы сағат 23:59–ға дейін жалғасады.
— Конкурс қағидаларымен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында танысуға болады. Ұйымдастырушылар барлық азаматты еліміздің энергетика саласының тарихына үлес қосып, Қазақстанның алғашқы АЭС-на атау ұсынуға шақырады, — делінген хабарламада.