Алғашқы жайлы мектептер Білім күні ашылды
1 қыркүйекте елімізде 90 мыңға жуық оқушы орнына арналған жаңа 70 мектеп есіктерін айқара ашты, оның бірқатары Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қаласындағы №103 мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Ведомство басшысы оқушыларды 2024-2025 оқу жылының басталуымен құттықтады.
Ол мемлекет тарапынан балаларды сапалы біліммен, саналы тәрбиемен қамту бағытында жасалып жатқан шараларды атап өтті.
1 қыркүйекте 90 мыңға жуық оқушы қолданысқа биылғы жылы берілген, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған су жаңа мектеп парталарына отырды. Ал 200 мыңнан астам бала күрделі жөндеуден өтіп, қайта жабдықталған мектептерде білім алады.
«Бүгін ұстаздардың өскелең ұрпаққа біліммен тәрбие берудегі орасан еңбегін атап өткімкеледі. Ұлттың ағартушы ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз - ұлт келбеті» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан ағартушылық миссиясын адал атқарып жүрген ұстаздардың еңбегі лайықты түрде жоғары бағалануы тиіс. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын!», - деді Ғани Бейсембаев өз құттықтауында.
Бүгін алғашқы жайлы мектептердің ашылу салтанатына сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Скляр, вице-премьер Т.Дүйсенова бастаған денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, ғылым және жоғары білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асуда. Ол оқушы орнының жетіспеушілігін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Жобада функционалды және қауіпсіз білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылады. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.
Сондай-ақ техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыру, мектепті заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талап етіледі. 2024-2025 оқу жылында барлығы 217 нысанның құрылысы жүруде.
Жалпы қазақстандық мектептерде 3,9 млн оқушы білім алады. Биылғы жылы 352 мың балақай алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, ал 11 сыныпқа 219 мың оқушы көшті.