Алимент мәселесі: табысын қасақана жасырғандарды анықтаудың жаңа тетігі енгізілмек

Сәуір 21, 2025, 7:32 Т.Қ.

Борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтауға агрегатор-сайттар көмектеседі. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.

canva.com

— Борышкерді жұмысқа орналастыру рәсімін автоматтандыруға бағытталған жұмыстар іске асып жатыр. Олардың әлеуметтік мәртебесі туралы қажет мәліметтерді алу үшін ақпараттық жүйе Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланады. Сонымен қатар, агрегатор-сайттар (яндекс, индрайвер және т. б.) арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысын анықтайтын боламыз, — деді Е. Сәрсембаев Парламент Мәжілісінде жеке сот орындаушылары институтының проблемалары тақырыбына арналған Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтау және олардан қарызды өндіріп алу мүмкіндіктеріне талдау жасалып жатыр (электрондық әмияндар арқылы, букмекерлік компаниялардан, бағалы қағаздармен сауда биржасынан, криптовалюта операцияларынан, желілік маркетингтен, такси қызметтерінен және т. б. алынған кіріс көздері).

— Конституциялық соттың (2024 жылғы 28 маусымдағы № 372) Нормативтік қаулысымен дара кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алименттерді есептеу және өндіріп алу туралы заңнамасын жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды. Осы қаулыны орындау аясында «Неке және отбасы туралы» Кодекске сот дара кәсіпкерлерге алимент мөлшерін тұрақты ақша сомасында айқындауды көздейтін түзетулер әзірленді. Аталған заңнамалық түзетулер әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде депутаттардың қарауында жатыр. Сонымен қатар, қазіргі уақытта алимент өндіріп алуды жетілдіру мәселелері Парламент Сенатында қаралып жатқанын атап өткім келеді. Сенатта тиісті мемлекеттік органдардың және жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының, сондай-ақ қоғам өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды, — деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар тұрақты табыстың немесе мүліктің болмауына, ал кейбір жағдайда табыстарды қасақана жасыруға қатысты орын алып жатады.

Теги: