Алматы облысында Достық үйін салу керек - Мемлекет басшысы

Сәуір 24, 2025, 6 Т.Қ.

Алматы облысында Достық үйін салу керек. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

dalanews.kz

- Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беру керектігін баса айтты.

- Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы керек, - деді Президент.

Теги: