Алматыда 4,3 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар жандарға бейімделген
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Алматы қаласында 4323 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «АMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылып жатыр.
«АMANAT» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%-ы, 2024 жылы 40%, 2025 жылы 60%, 2026 жылы 80%, 2027 жылы 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 24 216 нысан толықтай бейімделген.
Бүгінде Алматы қаласында 4323 нысан бейімделді. 2027 жылдың соңына дейін 5611 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.
Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаты үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау нысандары – 972;
- білім беру нысандары – 800;
- мәдениет нысандары – 42;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 115;
- спорт нысандары – 23;
- әлеуметтік қорғау нысандары – 8;
- көлік инфрақұрылымы нысандары – 3;
- ойын-сауық және демалыс орындары – 21;
- қоғамдық тамақтану – 347;
- сауда нысандары менойын-сауық орталықтары – 1 925;
- басқада нысандар – 67.
– Нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша түскен өтініштерді Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті белгіленген мерзімде қарап, тиісті шаралар қабылдайды. Соның нәтижесінде инфрақұрылым нысандарына қолжетімділік қамтамасыз етіліп жатыр, – деп өз пікірін білдірді Алматы қаласының тұрғыны, І топтағы мүгедектігі бар азамат Ұлан Іңкәрбеков.
Биыл Алматы қаласы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті ҚР Әлеуметтік кодексінің талаптарының орындалуын тексеру мақсатында 77 тексеріс жүргізді. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды. Атап айтқанда: профилактикалық бақылау аясында – 9, жоспардан тыс – 58, прокуратура органдарының бастамасымен 10 тексеріс жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 48 нұсқама берілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 5 млн 308,2 мың теңге болатын 13 әкімшілік айыппұл салынды. Бірлескен тексерулердің қорытындысы бойынша прокуратураға 10 қорытынды ұсынылды.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.