Алматыда былтыр заңсыз салынған 42 нысан бұзылды
Алматыда 2025 жылы сот шешімімен заңсыз салынған бірқатар нысан бұзылды.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, жалпы мегаполисте 42 нысан толық немесе ішінара сүрілген. Оның ішінде:
– Алатау ауданында - 2 нысан;
– Алмалы ауданында - 7 нысан;
– Бостандық ауданында - 9 нысан;
– Жетісу ауданында - 6 нысан;
– Медеу ауданында - 15 нысан;
– Наурызбай ауданында - 2 нысан;
– Түрксіб ауданында - 1 нысан.
Сонымен қатар ведомство салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер алуды жоспарлаған азаматтарға нысанның заңдылығын қалай тексеруге болатынын түсіндірді.
– Тұрғын үй құрылысының белгілі бір нысаны бойынша рұқсат беру құжаттарының толық пакеті бар-жоқтығы туралы сенімді әрі өзекті ақпарат алу үшін Басқарманың +7 705 896 60 00 нөміріндегі анықтамалық WhatsApp арнасы іске қосылған. Бұл ретте жекелеген нысандардың мәртебесі қысқа мерзім ішінде өзгеруі мүмкін екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты ақпараттың өзектілігін тұрақты түрде тексеру ұсынылады, - деп хабарлады басқарма өкілдері.
Одан бөлек ведомство жылжымайтын мүлік нарығында мәміле жасау алдында құрылыс компанияларынан рұқсат беру құжаттарының толық пакетін талап ету қажеттігін еске салды.