Almaty Superski жобасын жүзеге асыратын халықаралық компаниялар анықталды
Алматы тау кластерін дамыту аясындағы Almaty Superski жобасы нақты іске асыру кезеңіне өтті. Жоба бойынша негізгі құрылыс және жобалау жұмыстарын атқаратын халықаралық компаниялар анықталды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясы директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Алматы тау кластерін дамыту жобасының жүзеге асырылу барысын қарады.
Жиында Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаева Almaty Superski жобасының қазіргі жағдайы жөнінде баяндама жасады.
– Жобаның негізгі нысандарын жобалау және салу мәселелері бойынша бірқатар шешім қабылданды. Осылайша, Almaty Superski жобасы дайындық кезеңінен нақты жүзеге асыру сатысына өтті, – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ашық конкурс нәтижесінде 11 аспалы жол салу жобасын жүзеге асыру үшін әлемдік жетекші өндірушілердің бірі саналатын француздық POMA компаниясы таңдалды. Компания 1936 жылдан бері жұмыс істейді және әлемнің 90 елінде 8 мыңға жуық жобаны іске асырған.
Жоба аясында 3S жүйесіндегі гондолалы аспалы жолдар, 10 орындық гондолалы желілер мен креслолы көтергіштер салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар халықаралық сәулет бюросы Foster + Partners әзірлеген тұжырымдама негізінде салынатын нысандардың ағаш конструкцияларын жобалау және өндіру үшін канадалық StructureCraft компаниясы тартылды. Ал құрылысты дайындау және жобаны кешенді басқару жұмыстары америкалық Hill International компаниясына жүктелді.
– Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде жобалау сапасына, қауіпсіздік талаптарына және экологиялық жауапкершіліктің халықаралық стандарттарына қатаң бақылау қамтамасыз етілуі қажет, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет мәліметінше, жобаны жүзеге асыру Алматы тау кластерінің туристік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына мультипликативтік әсер береді. Сонымен қатар қала тұрғындары мен туристер үшін заманауи әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік жасайды.
Қазіргі уақытта бекітілген кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Almaty Superski тау шаңғысы курортын пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған.