Астана тұрғындары жедел жәрдемнің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылай алады

Мамыр 20, 2025, 6 Т.Қ.

Елордада жедел жәрдем бригадасының қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылды.

canva.com

Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясының бірлескен пилоттық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Министрліктің мәліметінше, жеделдіктің бірінші санаты бойынша шақырту түскен кезде, науқасқа автоматты түрде интерактивті карта сілтемесі бар SMS-хабарлама жіберіледі. Сілтемені ашу арқылы пайдаланушы жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын нақты уақытта бақылай алады.

«Бұл шешім шұғыл медициналық көмектің ашықтығын арттырып, азаматтардың алаңдаушылығын азайтуға және диспетчерлік қызметке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.

Астана қаласының жедел жәрдем қызметінің дерегінше, күн сайын диспетчерлерге 6 мыңға жуық қоңырау түседі. Олардың 40 пайызы – жедел жәрдемнің келу уақытын нақтылауға бағытталған қайталама қоңыраулар.

Автоматтандырылған хабарландыру жүйесін енгізу осы санаттағы қоңыраулардың үлесін азайтып, ресурстарды жаңа және шұғыл шақыртуларға бағыттауға жол ашады.

Қазіргі таңда сервис Астана қаласында жеделдіктің бірінші санаты бойынша кейбір шақыртулар үшін қолжетімді. Алдағы уақытта бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен қолданылмақ.
Айта кетейік, жаңа функция Яндекс Картаның JavaScript API платформасы арқылы жүзеге асырылған.

Министрлік өкілдерінің атап өтуінше, бұл бастама медициналық көмектің қолжетімділігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформация аясында қолға алынған.

Теги: