Астанада 3000 рубик текшесінен Абайдың алып портреті жасалды

Там. 11, 2025, 8:48 Т.Қ.

Елордадағы MEGA Silk Way сауда және ойын-сауық орталығында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ерекше арт-инсталляция ұсынылды. Ақынның бейнесі 3000 рубик текшесінен құрастырылды, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімдігі

Биіктігі 3 метр, ені 2 метр болатын портретті спидкубер жастар небәрі 5 сағатта жинап шықты. Жобаның бастамашысы Әлихан Ертұрсынның айтуынша, рубик текшесі логика мен шығармашылықты ұштастыратын өнер туындысына айналды.

«Осы арқылы ұлттық болмысты заманауи тәсілмен жеткізуді мақсат еттік», – деді ол.

«Абай әлемі» атты мәдени бағдарлама екі күн бойы поэзиялық кештер мен шығармашылық қойылымдармен жалғасты. Мыңдаған келуші жастардың креативтілігіне жоғары баға беріп, ұлттық мұраға құрмет көрсетті.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл жоба – Абай мұрасын жаңаша танытудың тың қадамы. Мақсат – жас буынның ұлттық сана мен елдік құндылықтарды терең ұғынуына ықпал ету.

Теги: