Астанада 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады
Елордада Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу және жастар арасындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.
Қазіргі таңда Астанада 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Оның ішінде 27 мыңы – ересектер, ал 10 мыңнан астамы – балалар. 2025 жылы оларға қолдау көрсету мақсатында 29 мыңнан астам арнайы құрал-жабдықтар мен қызмет түрлері ұсынылған.
Жыл басынан бері Мансап орталығына 535 жас жұмысқа орналасу үшін жүгінген. Оның ішінде 185-і әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды. Нәтижесінде 7 жас тұрақты жұмысқа тұрды, 122 жас қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 37 жас «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуды бастады, ал 3 жас жаңа бизнес-идеяға грант иегері атанды.
Соңғы жылдары инватакси паркі үш еседен аса ұлғайып, бүгінде 129 көлік қызмет көрсетуде. Сонымен қатар қалада 11 әлеуметтік мекеме және бірқатар ҮЕҰ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынып отыр. 2025 жылы мұндай қызметпен 7 800-ден астам адам қамтылды.
Отырыста кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы қауіпсіздік шаралары да қаралды. Комиссия мүшелері балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.
– Жиын қорытындысы бойынша халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған қосымша шаралар әзірлеу және іске асыру жөнінде уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар берілді, – деді комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.