Астанада «Жолдар және инновациялар» халықаралық конференциясы басталды

Қар. 18, 2026, 10:39 Т.Қ.

Астанада XXII халықаралық Kaztraffic-2026 көрмесі аясында «Жолдар және инновациялар» атты екі күндік халықаралық конференция басталды.

Фото: gov.kz

Жол саласының өкілдері, халықаралық қаржы институттары, ғылыми ұйымдар мен технологиялық компаниялардың мамандары автомобиль жолдарын салу, күтіп-ұстау және пайдалану үдерістеріне заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылауда.

Конференция бағдарламасына Қазақстан, Қытай, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген сарапшылардың 40-тан астам баяндамасы мен сөз сөйлеуі енгізілген. Қатысушылар перспективалы әзірлемелермен қатар, жол саласында қолданысқа енгізілген және Қазақстанда пайдалануға болатын технологиялық шешімдерді де таныстырады.

Конференцияның алғашқы күнінде жол инфрақұрылымын цифрландыруға және жасанды интеллектіні қолдануға басымдық берілді. Жолдардың жай-күйін автоматтандырылған бақылау технологиялары, интеллектуалды көлік жүйелері, жол қозғалысын басқарудың цифрлық құралдары, көпірлер мен басқа да инженерлік құрылыстарды диагностикалаудың заманауи әдістері таныстырылуда.

Атап айтқанда, қазақстандық E-Joldar жүйесінің мүмкіндіктері, Оңтүстік Кореяда жолдарды бақылау кезінде жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолындағы интеллектуалды көлік жүйелері, сондай-ақ көлік ағынын бейнебақылау және талдау технологиялары қарастырылуда.

Көпірлерді роботтандырылған құрылғылар арқылы диагностикалау және көлік саласында үлкен тілдік модельдерді (LLM) қолдану бағытындағы әзірлемелер де ерекше қызығушылық тудырды. Бұл технологиялар жол инфрақұрылымының жай-күйін бақылауға, ақауларды дер кезінде анықтауға және жол желісін басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Конференцияның екінші күні жол құрылысы технологиялары мен жол төсемдерінің беріктігін арттыру мәселелеріне арналады. Халықаралық сарапшылар цементбетон жолдарын салу тәжірибесін, жол төсемдерін жөндеу мен күтіп-ұстаудың заманауи тәсілдерін, инновациялық асфальтбетон қоспаларын, полимер-битум байланыстырғыш материалдарды және жол құрылысында қолданылатын жаңа материалдарды таныстырады.

Жолдардың қызмет ету мерзімін ұзарту, жол төсемдерінің климаттық әсерлерге төзімділігін арттыру, құрылыс материалдарының сапасын бақылауды жетілдіру және жол жұмыстарының барлық кезеңінде заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі – көлік инфрақұрылымын қаржыландыру мәселелерін талқылау. Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкінің өкілдері жол жобаларын қаржыландыру тәсілдері, FIDIC халықаралық келісімшарт стандарттарын қолдану және Қазақстанның көлік дәліздерін дамыту жөніндегі тәжірибелерімен бөліседі. Сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (БАКАД) жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру тәжірибесі қарастырылады.

Kaztraffic-2026 көрмесі аясында конференциядан бөлек салалық семинарлар, стратегиялық кездесулер және отандық әрі шетелдік ұйымдар арасындағы келіссөздер өтуде. Бағдарламаның жеке бөлімі Дүниежүзілік жол қауымдастығының (PIARC) қызметіне және жол құрылысындағы сапаны арттыру мәселелеріне арналған.

«Жолдар және инновациялар» конференциясы халықаралық тәжірибе алмасуға, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға және автомобиль жолдарының сапасын, қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығын арттыруға бағытталған технологиялық шешімдерді әзірлеуге арналған маңызды алаңға айналады.

Теги: