Астаналық келіншек егіз балаларынан кейін үшем тапты
Елорданың биылғы алғашқы үшемі №2 қалалық көпсалалық ауруханада дүниеге келді.
25 жастағы Ажар Қабитова тұңғыш қызы мен егіз балаларынан кейін бірден үш ұлды дүниеге әкелді.
Осылайша, жас отбасы 6 баланың ата-анасы болды.
«Балалардың атын әлі қоймадық. Әзірге Әміре, Әлихан, Әмірхан деп ойлап отырмыз. Бес күн дәрігерлер қарауында болдық, бәрі жақсы. Ертең перзентханадан шығамыз», — деді Ажар.
Ажар Қабитова – Семей қаласының тумасы. Астана қаласында Қазақ мемлекеттік заң университетінде білім алған, мамандығы – заңгер. 2020 жылы тұңғыш қызын, 2022 жылы – егіз ұл мен қызын босанған.
Ал 18 қаңтар күні жүктіліктің 34-аптасында кесір тілігі арқылы үшемдер туған. Үш ұлдың салмағы – 2 300, 2 550 3 000 грамм.
«Перинаталдық орталықтың мамандары мен дәрігерлеріне алғыс айтамын. Өмірімнің осы маңызды сәтінде сіздердің қамқорлықтарыңыз, жылулықтарыңыз және кәсібилігіңіз сенімділік пен қауіпсіздік атмосферасын құрды. Жаңа өмірдің басталуына қосқан үлестеріңіз үшін рахмет!», — деп жазды Ажар әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ жас ана көмекші мен бала күтуші алмайтынын, барлық балаға өзі қарайтынын жазған.