Ауғанстан зина жасаған әйелдерге таспен ұру әдісін қайта қолданбақ
«Талибан» қозғалысының жоғарғы көшбасшысы Хайбатулла Ахунзада елде зина жасағаны үшін әйелдерді жаппай дүре соғу және таспен ұру әдістері қайтарылатынын хабарлады. Бұл туралы The Guardian жазды.
– Әйелдерді (қиянаты үшін) қамшымен сабап, таспен ұрамыз, — дейді Ахунзада.
«Талибан» қозғалысының жоғарғы көшбасшысы мұндай әдісті әйел құқығының бұзылуы деп санайтындарды «шайтанның қызметшілері» деп атады.
– Сіз мұны әйелдер құқығын бұзу деп атай алуыңыз мүмкін, өйткені бұл сіздің демократиялық принциптеріңізге қайшы келеді, – дейді ол.
Хайбатулла Ахунзада бұл әрекетін Талибанның Батыс ықпалына қарсы күресінің жалғасы деп бағалады.
– Талибанның жұмысы Кабулды басып алумен біткен жоқ, енді ғана басталды, — дейді «Талибан» қозғалысының жоғарғы көшбасшысы.
Заңгер әрі Ауғанстандағы «Әйелдердің үміт айнасы» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Сафия Арефидің айтуынша, бұл мәлімдеме ауған әйелдерін 1990 жылдардағы Талибан билігінің ең зұлмат күндеріне қайтарады.
– Қазір ауған әйелдерін құтқаратын ешкім жоқ. Халықаралық қоғамдастық әйелдер құқығының бұзылуына үнсіз қарап тұру жолын таңдады, – дейді Арефи.
Құқық қорғаушылар елдегі 14 миллион әйел мен қыздардың құқықтары толықтай жойылды деп есептейді.
Ауғанстандағы Human Rights Watch ұйымының мәліметінше, өткен жылдың өзінде Талибан тағайындаған судьялар 417 адамды жаппай ұрып-соғуға және өлім жазасына кесуге бұйрық берген. Олардың 57-сі әйелдер.