Балаларды қауіпті контенттен қорғайтын сим-карта іске қосылады
Осы сим-картаның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да, баласына қоңырау шала алады.
— Балаларды қорғау — біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына қолайлы жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған байланысты менің тапсырмам бойынша 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі Кешенді жоспарға кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Үкіметтің қарауында, — деп жазды Бас прокурор Берік Асылов «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бас прокурор бұл шараларды жүзеге асыруға кіріскендерін айтты.
— Біз өз тарапымыздан бұл шараларды жүзеге асыруға кірістік. Мәселен, Алматы қаласында прокуратура TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірігіп, «SIM KIDS» атты пилоттық жобаны іске қосты. Бұл — суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет қатерлерден қорғайтын арнайы балаларға арналған сим-карта. Осы сим-картаның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да, баласына қоңырау шала алады, — деді Берік Асылов.
Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл сим-карта баршаға қолжетімді болады
— Жоба ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл сим-карта баршаға қолжетімді болады. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру жұмысы алдын ала жүргізілуі тиіс. Бала цифрлық кеңістікте суицидке итермелейтін қауіпті ойындардан, құмар ойындарға тәуелділіктен, сондай-ақ психикасына зиян келтіретін және отбасылық тәрбие мен құндылықтарға деген көзқарасын бұрмалауы мүмкін кез келген жағымсыз контенттен қорғалуы тиіс. Ең бастысы — баланың қауіпсіздігі отбасындағы көңіл бөлуден басталады. Ересектер балалардың көңіл күйіндегі, ортасындағы және қызығушылықтарындағы өзгерістерге сезімтал болғаны жөн, — деді ол.