Балаларды қорғау саласында қызметкерлер саны 3,3 есеге артты
Қазақстанда қорғаншылық органдары мамандарының саны 3,3 есеге өсіп, 303-тен 1006-ға жетті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.
Бұл шара отбасыларға көрсетілетін көмектің ауқымын кеңейтуге, қолжетімділікті арттыруға және сүйемелдеудің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін штат саны 1383 қызметкерге дейін ұлғайтылады.
2024 жылғы желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау туралы» Заңға сәйкес, алғаш рет нақты норма бекітілді, енді әрбір 5 мың балаға бір маманнан бөлінеді.
Сонымен қатар өңірлерде қорғаншылық органдарының жұмысын үйлестіретін жаңа құрылымдар құрылып жатыр. Ақтөбе облысында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ашылды.
Жақын уақытта мұндай бөлімшелер Астана қаласында және Қостанай облысында іске қосылады.
– Жаңа штаттық норма Қазақстан үшін алғаш рет енгізіліп отыр және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Бұл жергілікті деңгейде туындайтын мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ балалар мен олардың отбасыларына уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп қорғаншылық органдары қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өткізген болатын. Оның қорытындысында мамандарға әдістемелік ұсынымдар беріліп, бүгінде олар іс жүзінде қолданылып келеді.