Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеу ұсынылды

Қар. 12, 2025, 11:59 Т.Қ.

Жасанды интеллект министрлігі мектепте смартфон қолдануға тыйым салуға қарсы. Бұл туралы вице-министр Дмитрий Мун Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сұрағына берген жауабында айтты.

canva

— Қазақстанда 5-6 жастағы балалардың өзі TikTok пен Instagram-да ата-ананың растауынсыз-ақ тіркеле алады. Ал басқа мемлекеттерде жас шектеуін енгізген заңдар қабылданып жатыр. Мысалы, Данияда, Аустралияда әлеуметтік желіге тіркелуге құқық беретін жас — 15-16 жас. АҚШ, Ұлыбританияда, Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты, растауы керек. Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект министрлігінің осы мәселедегі ұстанымы қандай? Мектептерде смартфон қолдануға мемлекеттік ұстаным бар ма? Англия, Нидерланд сияқты әлемнің 40 пайыздан астам мемлекеттерінде тыйым салу туралы шешім қабылдады. Біздегі кейбір алдыңғы қатардағы мектептер де осы тәжірибені енгізіп, нәтижесінде балалардың үлгерімі артты. Цифрлық кодекс аясында осы мәселені қалай реттеуге болады, — деп сұрады Асхат Аймағамбетов.

Жасанды интеллект министрінің орынбасары Дмитрий Мун әлем балалардың әлеуметтік желіде тіркелуін жаппай тыйым салу арқылы емес, олар тұтынатын мазмұнды екшеп ұсыну арқылы реттеп жатқанын айтты.

— Әлеуметтік желілерде ата-ананың бақылауынсыз тіркелуге қатысты айтсақ, қазір әлем керісінше әлеуметтік желіге қол жеткізудің түрлі жолдарын ұсыну жағына жылжып жатыр. Бірақ белгілі бір жас шектеулері, мазмұнды екшеп ұсыну тәжірибесі бар. Балалардың заман ағымынан, технологиядан кенже қалмай дамуына да басымдық беріліп отыр. Сондықтан бізде де осындай форматта жұмыс жүргізіледі, — деді вице-министр.

Ал Цифрлық кодекс аясында мектепте смартфон қолдануға тыйым салу көзделмеген.

— Біздің министрліктің ұстанымы — жас ұрпақты заман ағымынан кейін қалу тәуекелінен қорғай отырып, жұмыста интернет мүмкіндіктерін, жасанды интеллектіні пайдалануды үйрету қажет, — деді Дмитрий Мун.

Теги: