Банктердің тәуелсіз директорларының тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі
Банктердің тәуелсіз директорларының тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында банк қызметі туралы заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
- Заң жобасында тәуелсіз директорлар шешімдерінің объективтілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың институтын күшейту көзделеді. Тәуелсіз директорлардың тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі. Сондай-ақ директорлар кеңесінде болудың ең көп мерзімін 9 жыл деп белгілеу көзделеді, - деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалардың тізбесі кеңейтіледі.
- Уәжді пайымдау тетігін қолдану кеңейтіледі. Тәуекелдер, ішкі аудит және комплаенс бөлімшелерінің басшыларына қойылатын талаптар белгіленеді. Сонымен бірге ескірген және қайталанатын нормалар алып тасталды. Ал барлық қаржы ұйымдарының акционерлері мен басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар бір ретке келтіріліп, Қаржы нарығын мемлекеттік реттеу туралы заңға ауыстырылады, - деді Мәдина Әбілқасымова.