Бас мүфтидің қымбат қол сағаттары
Өткен айда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәнді сағаттары халықтың ерекше назарын аударған болатын.
MENMEDIA.KZ тілшісі көптің қызығушылығын туғызған сауалдың жауабын іздеп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауал жолдаған. Араға екі апта уақыт салып, діни басқарманың аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиевтен ресми жауап келді.
Бас мүфтиден: «Қолсағаттар жинау хоббиіңіз бе? Қанша қолсағатыңыз бар? Ең қымбат сағатыңыздың бағасы қанша? Сағаттарды қайдан аласыз: өзіңіз сатып аласыз ба, әлде сыйлыққа келе ме?» деп сұрағанбыз.
Аппарат басшысы былай дейді: «ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазрет көпшілік алдында жүретін дін адамы болғандықтан Бас мүфтидің жеке өмірі әрқашан көптің қызығушылығын тудыратыны белгілі.
Солардың қатарында осыдан біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде талқыланған Бас мүфтидің қолсағаттарының көпшілігі – ол кісіні құрмет тұтатын қызметі мен лауазымына қатысы жоқ достарының сыйлық ретінде берген кәделері.
Мүфти Хазреттің қазіргі таңда ауыстырып тағатын кварцтық 2 (екі) қол сағаты және спорттық жаттығулар кезінде пайдаланатын 1 (бір) сандық спорттық қол сағаты бар. Үшеуі де қызметіне қатысы жоқ достарынан сыйлық ретінде берілген».
Тілшіміз Бас мүфтидің қолсағаттарының бағасын нарықтық бағамен салыстып көрді. Ресми жауапта Швецариялық танымал бренд Claude Bernard сағатының нарықтағы бағасы 60 000 теңге деп көрсетілген. Алайда біз ғаламтордан бұл сағаттың нарықтағы бағасы 379 898 теңге екенін білдік. ҚМДБ-ның ресми жауабы мен онлайн дүкендегі нарықтық баға мүлде сай келмейді.
Бағасын 95 000 теңге деп көрсеткен Swiss Military by chorno брендінің нарықтағы бағасы екі жарым есе қымбат болып шықты Дәлірек айтсақ, қолсағаттың құны 175 759 теңге.
Аппарат басшысы: «Қолсағат Мүфти хазірет үшін бір тәулік ішіндегі уақытты өлшейтін қарапайым құрылғы ғана», – депті. Алайда Наурызбай қажы Тағанұлы олай ойламайтын сияқты және бізге өз сағаттарының құнын білетіндей көрінді. Өйткені өзіне дейінгі әріптестерімен салыстырғанда, сәнді аксесуарын жиі ауыстырады.
ҚМДБ Бас мүфтидің сағаттарының бағасын не себепті құпиялағысы келгені түсініксіз. Бәлкім, бас мүфтидің қолсағаттарының саны үшеу ғана емес шығар?..