Батыс Қазақстанда он айда 7 500-ге жуық нәресте дүниеге келді

Қар. 14, 2025, 12:06 Т.Ж.

Батыс Қазақстан облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО бойынша филиалының қызметкерлері он ай ішінде 435 693 қызмет көрсетті.

freepik.com

БҚО бойынша филиал директорының орынбасары Асқар Сандыбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 311 827-сі өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы жүзеге асқан.

Оның сөзіне қарағанда, электрондық цифрлық қолтаңбаны, жеке куәлік пен паспортты, жүргізуші куәлігін беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу және автомобильдерді қайта тіркеу аса сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер болып саналады. Цифрландыру саясатының аясында Еgov, Телеграмм бот, Еgov mobile қосымшасы, екінші деңгейлі банктер қосымшалар платформасында мемлекеттік қызмет түрлерін оңай алуға болады.

А.Сандыбаевтың айтуынша, әлеуметтік сала бойынша мемлекеттік қызметтердің 20 түрі көрсетіледі. Жыл басынан бері 52 936 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде асыраушысынан, еңбекке қабілеттілігінен және жұмысынан айрылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы алу, мүгедектік, бала туу және оған күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау, көпбалалы аналарға («Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері) арналған қызмет түрлері проактивті форматта қолжетімді.

- 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап АХАЖ бөлімі мемлекеттік корпорацияға ауысқаны белгілі. АХАЖ бөлімдерінің есебі бойынша биылғы он айда облыста 7 495 нәресте дүниеге келген. Сондай-ақ 3 368 неке тіркелсе, 514-і бұзылған. Оған қоса 131 адамның қайтқаны есепке іліккен. АХАЖ бөлімдері ақылы және тегін қызмет көрсетеді. Баланың тууын және өлімді тіркеу сияқты әлеуметтік маңызы бар қызметтер тегін көрсетіледі, - деді А.Сандыбаев.

Теги: