Батыс Қазақстанда вейптерді заңсыз әкелгендер сотталды

Ақп. 9, 2026, 10:16 Т.Қ.

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Шекара қызметімен бірлесе отырып, вейптерді заңсыз әкелудің жолын кесті.

Бейнежазбадан

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, У. есімді азамат Ресей Федерациясының шекара маңындағы қалаларының біріне барған кезде «WAKA» маркалы 175 электронды темекі тұтыну жүйесін (вейп) сатып алып, оларды мемлекеттік шекара арқылы алып өтпек болған.

Жасырын түрде жеткізу үшін вейптерді жүргізуші мен жолаушылар орындықтарының астына, жүк салғыштың технологиялық қуыстарына, сондай-ақ құрал-саймандар салынған сөмкелерге орналастырған.

Алайда аталған өнімдер көлік құралын мемлекеттік шекарадан өту кезінде тексеру барысында анықталды.

Кінәлі тұлға сотталып, оған 300 АЕК мөлшерінде, яғни 1 млн 179,6 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сол секілді «WAKA» маркалы 99 электронды темекі тұтыну жүйесін (вейп) заңсыз әкелгені үшін Х. есімді тұрғын 500 АЕК мөлшерінде, атап айтқанда, 1 млн 966 мың теңге көлемінде айыппұлға тартылды.

- Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 110-бабы 9-тармағына сәйкес, шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сату, тарату мақсатында сақтауға, жөнелтуге, тасымалдауға, сатуға және таратуға тыйым салынатындығын ескертеді. Аталған заңсыз әрекеттер үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ондай қадамға барғандарға ең жоғары жаза – мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру кесілуі мүмкін, - деп хабарлады ведомстводан.

Теги: