Бекболат Мұхамеджанның айтқанын екі етпейді, оның басты қателігі де осы – Тоқтар Жақаш
Бұл туралы Тоқтар Жақаш Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
– Әңгіме, тағы да Бека мен Мұха хақында. Осы екі адамның азаматтық, адамшылық қасиеттерін, образын ашып жазғым келген. Өйткені, көпшілігіміз олармен жақын араласқан жоқпыз. Дүрмекке ілесіп не қатты жақсы көреміз, не қатты жек көреміз. Біз кейде басқа адам жасаған кемшілікті көп кешіре де алмаймыз. Соның бірі өзім екем. Біздің басты кемшілігіміз де сол шығар.
Бекболат пен Мұхамеджанды бірнеше жылдан бері сынап-мінеп келе жатырмын. Бірақ мәселенің екінші жағы тағы бар. Ал енді сол нәрсеге турасына көшейік. Бекболат пен Мұхамеджанмен алыс-жақын бір жылға жуық араластым.
Сол аз уақыт жақын араласқанда танығаным. Бекболат шығармашылықтың адамы болғасын ба, әлде, Жаңаарқа сияқты даланың қазағы болғасын ба, қызба, шырт етпе және сонысымен қоса аңқылдаған ақкөңіл азамат. Тілшілерге сұхбат бергенде сол аңғалдығымен сөзден ұсталып, күлкі боп жатады. Әйтпесе, елде жүргенде көмек сұрап барған жаннның қолын қайтарғанын көрмеппін. Депутат болып жүргенде көпбалалы бірнеше әйелге ай сайын жалақысынан бөліп ақша жіберіп тұрды. Онысын басқалар сияқты жарнамалап, дабыра қылған жоқ. Үн-түнсіз, өзінің 15 баласымен қосып, танымайтын біреулердің шиеттей бала-шағасын бақты. Өзі айтпақшы, Назарбаев режимінде талай рет таяқ та жеді. Баяғыда премьер-министр боп тұрған Мәсімовке «қазақша сөйлеңіз» дегені үшін депутаттық мандаттан айырылып, бірнеше жыл қоңыз да теріп кете жаздады. Ол кезде жүйе сондай болатын. Қарсы келгенді қылғындырып, көнбегенді көміп тастап отырды. Әрине, бұл ақтауға болатын себеп емес. Дегенмен адамның сол уақыттағы болмысын, мінез-құлқын түсіндіретін факт.
Ал Мұхамеджан болса, білімі аса терең емес, біреуге жақсылық жасаудан бұрын «одан кейін қандай пайда бар?» деп он өлшеп, жүз толғанатын, әрбір әрекетін тек бақай есепке құратын айлакер азамат. Мұхамеджанның іс-әрекетін сараптағанда менің көз алдыма Гай Юлий Цезарьдың Касси деген кеңесшісі елестеп тұрады. Нағыз идеология саласында жұмыс істейтін адам. Неге екенін білмеймін, бірақ Бекболат Мұхамеджанның айтқанын екі етпейді. Тақ тұрады. Бекболаттың қоғам алдындағы басты қателігі де осында сияқты, – дейді Тоқтар Жақаш.