Беремін, бермеймін! «Самұрық-Қазына» НЕГЕ миноритарлы акционерлерді ренжітіп отыр?

Маусым 1, 2022, 6:10 Т.Қ.

«Қазақтелеком» акционерлері 2021 жылғы дивидендтерді төлеу бойынша келісімге келе алмады. «Оның негізгі себебі – «Қайрат Сатыбалды факторы.

Бірақ ұлттық компания акцияларын сатып алған жеке тұлғалар Қ.Сатыбалды үшін өз табыстарынан айрылғысы келмейді.

Мемлекет Қайрат Сатыбалдыны «шешіндіруді» жалғастыруда. Ол бұған дейін Люксембургте тіркелген өзінің «SKYLINE INVESTMENT COMPANY» фирмасы арқылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 24,46% жай акцияларын иеленіп келген. Ал кеше, осы акциялар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне өтті. Демек, мемлекет «Қазақтелекомның» «Самұрық-Қазына» арқылы 51%, ал Мүлік комитеті арқылы 24,46% акцияларына иелік етіп отыр.

Ал миноритарлы акционерлердің, яғни нарықтан «Қазақтелеком» акцияларын сатып алған жеке тұлғалардың компаниядағы үлесі 15 пайызға да жетпейді. Акционерлердің дәл осы санаты дивидендтердің көбірек төленуіне барынша мүдделі.

30 мамырда «Қазақтелеком» АҚ акционерлерінің ортақ жиналысы өтіп, компанияның директорлар кеңесі 2021 жылдың қортындысы бойынша бір акцияға 3 590,30 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуді ұсынған болатын. Жалпы, дивидендтерге 20 миллиард теңгедей қарастырылған. Бірақ, дивидендтерді бекітуге компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» қарсы шықты. Холдингтің мұндай күтпеген әрекеті биржада «Қазақтелеком» акцияларының шамамен 3%-ға құлауына әкеліп соқты.

Теги: