Биыл елімізде 88 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карта тәркіленді

Шілде 10, 2025, 12:33 Т.Ж.

Жыл басынан бері ел аумағында 74 құрылғы мен 88 мыңнан аса тіркелмеген SIM-карта тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлім етті.

Бейнежазбадан

- Байланыс операторларымен бірлесіп, тіркелмеген SIM-карталарды интернет арқылы қоңырау шалуға және анонимді аккаунттар ашуға пайдаланатын SIM-бокстар анықталып жатыр. Биыл ел аумағында 74 құрылғы мен 88 мыңнан аса тіркелмеген SIM-карта тәркіленді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау және Семей қаласынан табылды,- деді Жандос Сүйінбай орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

ІММ өкілінің мәлімдеуінше, тіркелмеген SIM-картаны пайдалану әрекетіне қатысты 30 күдікті қамауға алынды, оның 14-і шетел азаматы.

- Интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады, нәтижесінде заңға қайшы мазмұндағы 59 мың интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жолданды. Жағдайды тұрақтандыру және жұмыс сапасын арттыру мақсатында тоқсан сайын республикалық жедел профилактикалық іс-шара өткізіліп тұрады,- деп толықтырды ведомство өкілі.

Теги: