Болат Назарбаевтың дені сап-сау, ол жауапкершіліктен жалтаруға тырысып жатыр – Ибраш Нүсіпбаев
Ол «Болат Назарбаев ұзақ уақыттан бері төсек тартып, ауырып жатты дегенге сену қиын» деген пікірде.
⠀
Осыдан біршама уақыт бұрын «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының жетекшілері тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев ұзақ уақыт Германияда ем қабылдап, қиын кезеңді бастан кешіп жатқанын хабарлаған.
⠀
Сондай-ақ өткен жылдың желтоқсанында Болат Назарбаев шетелде ем алып, кейін дәрігерлердің бақылауымен елге жеткізілген. Содан бері Бөкең жүріп-тұрудан қалып, төсек тартып жатса керек.
⠀
«Салиқалы ұрпақ» қорының өкілдері Болат Назарбаев өлім мен өмірдің арасында жатқанда өзінің бизнес құрылымдарын бақыламағанын, дүние-мүлкіне айналасындағылар бас-көз болғанын мәлімдеді. Тіпті, қаңтар оқиғасы орын алмай тұрып Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлап, жанымен қайғы болып кеткен.
⠀
Бұл ретте Қырғызстанның шекара қызметінің 2022 жылдың 6 қаңтарында таңғы сағат 05:30 шамасында Бөкеңнің «Ақ жол» бақылау-өткізу пунктінен өз аяғымен өтіп, 7 қаңтарда Бішкек әуежайы арқылы Дубайға ұшып кеткені жайындағы мәліметті алға тартады.
⠀
Болат Назарбаевтың дәл сол күні Дубайды бетке алғанын Flightradar24 сервисі де растайды.
⠀
Ибраш Нүсіпбаев Болат Назарбаевтың қоры өзінің қожайыны жайында шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратып, Болат Назарбаевты қаңтар оқиғасына қатысы жоқ, судан таза, сүттен ақ адам ретінде көрсетуге күш салып жатқанын алға тартыпты.
⠀
Мұндай жағдайда дімкәс адамның дүние-мүлкін тәркілеу де адамгершілікке жатпайтыны анық.
⠀
Осы жайттарды ескеріп, Болат Назарбаев қатты науқас адамның кейпіне еніп, мемлекетке опасыздық жасаушылардың сапынан сытылып шығуды көздеп отыруы мүмкін деп топшылапты.