Бізге гибридті электр станцияларын іске қосу керек – Премьер-министр
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында электр қуатының тапшылығы күн сайын өзекті мәселеге айналып келе жатқанын атап өтті.
– Қажетті көлемді электр энергиясын қайта бағыттау арқылы толықтырып отырмыз. Энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға арта береді. Электр қуаты жаңа өнеркәсіп орындарын, деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту үшін қажет. Ал, ол үшін энергетика саласы қарқынды дамуға тиіс. Сондықтан біз атом энергетикасына баса мән беріп отырмыз, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы елдегі энергетика теңгерімін сақтау үшін түрлі технология қатар қолданылатынын баса айтты.
– Жоспарланған барлық энергетикалық жобаны уақтылы іске асырып, жаңа технологиялық шешімдерді, соның ішінде энергияны жинақтау жүйелерін және гибридті электр станцияларын іске қосу қажет, - деді ол.