«Coursera» компаниясының бас директоры Сәтбаев Университетіне келді

Маусым 12, 2023, 9 Т.Қ.

Сәтбаев Университетінде «Coursera» өкілдерімен болған кездесуге «Coursera» компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалда, APAC аймағындағы клиенттермен жұмыс жөніндегі директоры Бибин Шивас, APAC аймағындағы қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Ништа Кумар және Қазақстан мен Орталық Азияда бизнесті дамыту жөніндегі директоры Эдуард Кан қатысты. Ал Сәтбаев Университеті атынан Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Мейрам Бегентаев қатысты.

Кездесу барысында «Coursera» мен Satbayev University арасындағы одан әрі ынтымақтастық қарым-қатынас мәселелері және университеттің білім беру процесіне «Coursera» енгізу қорытындылары туралы талқыланды.

«Coursera» – Стэнфорд университетінің профессорлары Дафне Коллер мен Эндрю Ын 2012 жылы жасаған жаһандық платформа. Ол 77 миллионнан астам студенттерді біріктіріп, әлемдегі ең үздік университеттердің курстарынан өтуге мүмкіндік береді. Мұнда Йель немесе Стэнфорд, Колтех, Беркли және т.б. курстардан өтуге болады. Курстар білім берудің барлық салалары бойынша қол жетімді. Сіз келіссөздер жүргізу, қаржы, бағдарламалау курсын оқи аласыз, тіпті сіздің денсаулығыңыз бен әл-ауқатыңыз туралы ғылым бойынша да курстар бар.

Платформа материалдары дәстүрлі оқыту формасына жақын жасалған: лекциялар, бақылау жұмыстары, үй тапсырмалары, тест тапсыру, емтихандар. Егер де студентке бірдеңе түсініксіз болса, тақырыпты студенттер мен оқытушылар байланысатын арнайы форумда талқылауға мүмкіндік бар. Материалдың көп бөлігі ағылшын тілінде дайындалған. Оқуды жеке компьютерде де немесе телефон арқылы да оқуға болады.

Платформадағы курстардың көпшілігі шартты түрде тегін болып келеді: мысалы, сіз курсқа тегін қатыса аласыз, бірақ сертификат алғыңыз келсе, курстың ақысын төлеуіңіз керек. Мұндағы ең танымал сертификаттар – Google және IBM сертификаттары.

Сәтбаев Университетінің студенттері үйлерінен шықпай-ақ, халықаралық білім мен кәсіби сертификатқа ие болуға мүмкіндік алып отыр. Мұның барлығы Сәтбаев Университетінде IT мамандықтары бойынша оқитын студенттер үшін енгізілген «Coursera for Campus» платформасының арқасында мүмкін болып отыр.

Сонымен қатар Сәтбаев Университеті оқытушылардың біліктілігін артыру үшін де мүмкіндк жасап отыр. Платформада студенттерден бөлек оқытушылар да білім алуда – 40 оқытушы біліктілігін арттыру үшін мүмкіндік алды. Соңғы оқу жылы ішінде студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар барлығы 1189 сертификат алды. Платформадағы ең танымал пәндер қатарында Компьютерлік архитектура (Computer Architecture) және математика бар. Студенттер сонымен қатар Бизнес, Компьютерлік ғылымдар (Computer Science) және деректер ғылымы (Data Science) сияқты пәндерді оқып, консультациялар арқылы практикалық жобаларға шектеусіз қол жеткізу мүмкіндігін алды, осылайша олар өз білімдерін жетілдіріп келеді.

«Coursera» секілді қашықтықтан білім беретін халықаралық білім беру платформаларының артықшылықтарын бағалау мүмкін емес. «Coursera»-мен ынтымақтастық қарым-қатынас жасау әлемнің жетекші университеттеріндегі белгілі жетекші профессорлардан білім алу арқылы студенттерімізді дайындау деңгейін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар оқытушыларымыз осы платформаға өз курстарын орналастырғаннан кейін, оларға әлемдік деңгейде өзін танытуға мүмкіндік береді. Мұның барлығы біздің елдің мүмкіндіктері мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі ұлғайтып, оны халықаралық білім кеңістігіне шығарады.

Теги: