Дайындық қағаз жүзінде ғана қалады

Ақп. 20, 2024, 1:40 Т.Қ.

Жыл сайын барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Бұл мәселені ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов көтерді. 

«Өңір әкімдері су тасқыны мәселелерін жеке бақылауда ұстауы тиіс. Бұл орайда Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруші рөлі өте маңызды. Министрлік жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуында су тасқыны кезеңіне дайындықты тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар мен су басқан ғимараттар және инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді», — деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне оқу-жаттығуды өткізу форматын қайта қарауды тапсырды. Ал өңір әкімдіктері су тасқынының барлық себептерін зерделеп, оларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуі тиіс. 

«Көлемді судың келетін күні алыс емес. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландырып, бизнес техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуі керек, аса қауіпті учаскелер маңында қажетті материалдар қорын жинауы қажет. Көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерді алдын ала айқындап, ондағы азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорын дайындаған жөн», — деді О. Бектенов. 

Сонымен қатар, елдің шығыс, солтүстік және орталық өңірлеріндегі өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге дайындалу керек. 

«Ақпарат министрлігімен бірлесіп, бүгіннен қалдырмай халықты су тасқыны қаупі, су басу және эвакуациялау кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы кеңінен хабардар ету жұмыстарын бастау қажет. Халықпен нақты кері байланыс орнатып, олардың көмек көрсету туралы өтініштері бірден қаралуы тиіс. Көлік министрлігі жолдар мен көпірлер жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізсін. Жолдарды су шайып кеткен жағдайда, оларды жедел қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдансын», — деді Премьер. 

Теги: