Efes пен Coca-Cola Қазақстанда 10 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді
Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Anadolu Group холдингінің басқарма төрағасы Камил Сүлейман Языджимен кездесу өткізді.
Кездесуді аша отырып, ол инвесторлардың құқығын қорғау, экономикалық саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығы Қазақстан Үкіметінің өзгермейтін басымдығы екенін атап өтті. Вице-премьер Anadolu Group компаниясына өңдеу өнеркәсібі мен тамақ өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
— Қазақстан халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға зор мән береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет қолайлы инвестициялық ахуал құру, инвесторлардың құқығын қорғау және бизнесті жүргізу үшін тұрақты жағдайды қамтамасыз етуде дәйекті түрде жұмыс істеп жатыр, — деді Серік Жұманғарин.
Anadolu Group өкілдері компания үшін Қазақстан Түркиядан кейінгі екінші маңызды нарық екенін атап өтті. Қазіргі уақытта жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдеріне өнім жеткізу үшін Қазақстанда экспорттық хаб құру мүмкіндігі қарастырылуда.
Тараптар алкоголь өнімінің кейбір түріне қатысты акциздік саясатты жетілдіру, тауарды цифрлық таңбалау жүйесін дамыту және құрамында қанты бар сусынға салық енгізу секілді Қазақстандағы өндірістерді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Серік Жұманғарин цифрлық таңбалауды енгізу мерзімін ауыстыру туралы шешім ірі өндірушілердің пікірі ескеріле отырып қабылданғанын және оларға жаңа талапқа уақтылы дайындалуға уақыт берілетінін айтты.
Тараптар қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін кеңейту перспективасына да ерекше назар аударды. Anadolu Group өкілдері сыра өнімдерін тек ПЭТ-қаптама форматында жоғары сұранысқа ие елдерге экспорттау үшін шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Вице-премьер бұл мәселе қазірдің өзінде пысықталып жатқанын жеткізді. Бұл ретте ұлттық заңнаманың ықтимал өзгерістері өнім тек сыртқы нарыққа арналған жағдайда ғана қаралады.
Қазақстанда құрамында қант бар сусындарға салық енгізу бастамасын талқылай отырып, вице-премьер бұл мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын ескере отырып қаралатынын және Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде талқылау сатысында тұрғанын атап өтті. Үкімет бұл мәселе бойынша бизнеспен одан арғы диалогқа ашық.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин отандық қант саласын дамыту жобаларын жүзеге асыру туралы да айтты. Атап айтқанда, Жамбыл облысында ірі қант кластерін құру ойда бар. Бұл алдағы жылдары қант өндірісін едәуір ұлғайтуға және өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар ынтымақтастықты одан әрі арттыруға өзара мүдделі екенін растады. Серік Жұманғарин қазақстандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарын ірі халықаралық инвесторлардың, оның ішінде орау, логистика және көлік салаларындағы өндірістік тізбекке тартудың маңыздылығын атап өтіп, Үкіметтің Anadolu Group-қа қолданыстағы және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қажетті жәрдем көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Анықтама: Anadolu Group Қазақстанда 1994 жылдан бері жұмыс істейді. Сусын өндірісі 1997 жылы іске қосылған. Бүгінде топ «Efes Kazakhstan» ЖК АҚ және «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС кәсіпорындары атынан қызмет етеді. Жұмыс кезеңінде ел экономикасына шамамен $1 млрд инвестицияланып, бес өндірістік алаң құрылды. 2013 жылдан бері 360 млрд теңге салық төленіп, 10 мыңнан астам тікелей және жанама жұмыс орны ашылған.