Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді

Қар. 9, 2023, 5:25 Т.Қ.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз барысында айтты.

«Керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екі ел экономикаларының игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударды.

Мұның нақты пайдасын шекара маңындағы өңірлерде тұратын 25 миллионға жуық адам сезініп отыр.

«Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек», – деді Президент.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылады.

Теги: