Ел өңірлерінде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары жүзеге асады - Үкімет

Қар. 25, 2025, 9:02 Т.Қ.

Премьер-министрі Олжас Бектенов қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары Қазақстанның бірқатар өңірінде жүзеге асырылатынын айтты.

Үкімет

- Қалдықтардың жиналып қалуы – әлемдегі ең өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік Банктің есептеріне сүйенсек, жыл сайын 2 млрд тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық пайда болады. Олардың басым бөлігі қайта өңделмейді. 
Сарапшылардың бағалауынша, 2050-ші жылға қарай бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, жылына 3,8 млрд тоннаға жетеді. Мемлекет басшысы еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Ол үшін қалдықтардың барлық түрін толықтай қайта өңдеу керек. Бізде ол тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің шамамен 25 пайызын ғана құрап отыр. Осы мәселелерді шешу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылып жатыр. Қазір инвесторлар анықталып, олармен тиісті келісімдер жасалды, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл тәжірибе өзге аймақтарға да таратылатын болады.

- Қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту үшін жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы 185 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде 60 жоба мақұлданды, оның 22-сіне қаражат бөлінді. Экология министрлігі әкімдіктермен бірге осы жобаларды жүзеге асыруы керек. Сондай-ақ өнеркәсіптік, медициналық және басқа да қалдықтарға қатысты тиісті шешім қабылдау қажет. Қалдықтардың барлық түрлерін басқару Тұжырымдамасын іске асыру экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты бақылау мен болжам жасау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қайта өңдеу және қайта пайдалануға бағытталған қалдықтарды басқару саласының дамуын ынталандырады. Аталған тәсіл Президентіміздің табиғатты аялау жөніндегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасының талаптарына сай келеді, - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, саланы цифрландыруға, қалдықтардың цифрлық есебін жүргізуге, олардың қозғалысын, жинақталуын және кәдеге жаратылуын бақылауға ерекше назар аудару керек. Қалдықтарды басқару саласының инвестициялық әлеуеті жоғары, ол бізде әзірге тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр.

Теги: