Елде педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсу талабы күшейеді

Сәуір 29, 2026, 6:49 Т.Қ.

Педагогикалық мамандықтарға түсудегі айналма жолдарға тосқауыл қойылады.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

— 2020 жылдан бастап маңызды талап енгізген едік. Педагогикалық мамандыққа түсу үшін ҰБТ-дан кем дегенде 75 балл жинау және университетте қосымша арнайы емтихан тапсыру керек деген талап күшіне енді. Бұл мұғалімдікке ең үздік түлектер келуі үшін жасалған шешім болатын. Расында, қазір мұғалімдікке түсетіндердің орташа ұпайы өсіп, 100 балл шамасында. Тіпті, грантқа кейбір бағыттар бойынша 120 балмен түсе алмай жатыр. Әрине, осындай сұраныстың артуы қуанарлық жағдай, — деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат осы мәселеде айналма жол тауып алғандарды сынға алды.

— Кейбірі айналма жол тауып алған. Схема өте оңай. Талапкер кез келген шетелдік оқу орнына түсіп, бір семестр оқып, одан кейін Қазақстандағы педагогикалық университетке ауысады. Ал оған қойылатын талаптар талапкерге емес, ауысушы студентке қойылатын талаптармен бірдей болады. Бұл тұрғыда ҰБТ мен арнайы емтихан керек болмай қалады. Осылайша, кейбір адамдар базалық талаптарға сай келмесе де, мұғалімдікке келіп жатыр. Енді бұған жол бермейміз. Осыдан кейін педагог мамандығына шетелдік университеттен ауысқан кезде де ҰБТ мен арнайы емтихан сертификаты міндетті болады, — деді ол.

Теги: