Еліміздегі ең ауқатты зейнеткер 742 мың теңге зейнетақы алады
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинағы 2023 жылы 3,2 триллион теңгеге ұлғайды.
2024 жылғы 1 қаңтарда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шотында 17,9 триллион теңге зейнетақы жиналды.
2023 жылы жинақ сомасы 3,2 трлн теңгеге немесе 21,8% ұлғайды.
Зейнетақы басым сомасы міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 17,3 трлн теңгеге жетті (2023 жылғы өсім — 21,6%).
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша сома — 568,5 млрд теңге (2023 жылғы өсім — 27,6%), ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) — шамамен 5,3 млрд теңге (2023 жылғы өсім — 48,3%) болды.
2023 жылы салымшылардың шотына шамамен 2,2 трлн теңге көлемінде зейнетақы жарнасы түсті.
Ол өткен жылғы көрсеткіштен 434,6 млрд теңгеге немесе 25,2% артық.
Жарнаның жалпы көлемінің 95,5% БЖЗҚ-ға МЗЖ есебінен түсетін түсім құрайды. Оның көлемі — 2,1 трлн теңге (бір жылдағы өсім — 25,3%).
МКЗЖ есебінен 95,5 млрд теңгеден астам қаражат түсті (бір жылдағы өсім — 24%). ЕЗЖ көлемі 2,3 млрд теңге.
Зейнетақы жинақтарының едәуір өсуіне салымшылардың зейнетақы жарналары есебінен ғана емес, сонымен қатар 2023 жылы шамамен 1,6 трлн теңгені құраған таза инвестициялық кірістің арқасында қол жеткізілді. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық.
БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотының саны 12,3 млн болды.
2023 жылы БЖЗҚ салымшыларына 591,3 млрд теңге төледі.
Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделу мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) - 284 млрд теңге болса, жасына байланысты төлемдер — 150,6 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар — 54 млрд теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер — 52,6 млрд теңге, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер — 39,8 млрд теңге, жерлеуге берілетін төлемдер — 7,5 млрд теңге және мүгедектік бойынша төлемдер — 2,8 млрд теңге.
Атап кету керек, зейнет жасына толуға байланысты БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы — 32 202 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы — 742 692 теңге.