Елімізде жасанды интеллект пен стартапты дамыту бойынша халықаралық инновациялық хаб құрылады
Премьер-министр Олжас Бектенов Network School халықаралық технологиялық қоғамдастығының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында Ақмола облысында халықаралық инновациялық хаб құрып, оны кейіннен Alatau City-ге кеңейту аясында жасанды интеллект, білікті мамандар даярлау, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, стартаптарды қолдау бағыттарындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды.
Сондай-ақ кездесу барысында Баладжи Шринивасанның жүлде қоры қарастырылған AI Film Festival фестиваліне қатысу, сондай-ақ халықаралық AI & Digital Bridge форумы аясында әлемнің жетекші технологиялық компанияларының қатысуымен Network State Conference ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Кәсіпкерлер, әзірлеушілер, инженерлер мен зерттеушілерді технологиялық жобалар бойынша бірлесіп білім алу және жұмыс істеу мақсатында біріктіретін халықаралық қауымдастық – Network School-дың негізгі тәсілдері таныстырылды. Қауымдастық қызметі білім беру бағдарламаларын, коворкинг кеңістіктерін, конференциялар, хакатондар мен акселерациялық іс-шаралар ұйымдастыруды қамтиды.
Баладжи Шринивасан Қазақстандағы ЖИ саласының әлеуетіне жоғары баға беріп, жаһандық капитал мен таланттардың пулдарымен ынтымақтастық орнатудың мол мүмкіндігі бар екенін баса айтты. Сонымен қатар Network School жобалары мемлекеттік қаржыландыруды тартпастан, жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқанына ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында әкімдікпен және жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп Бурабай аулында Network city технологиялық қалашығын құру тұжырымдамасы ұсынылды. Жоба аясында табиғи ландшафт пен қолданыстағы қала құрылысы шешімдерін ескере отырып, модульдік инфрақұрылым салу көзделіп отыр.
Аталған алаң жұмыс істеу, білім алу және кәсіби байланыс орнату мүмкіндіктерін біріктіре отырып, IT мамандары, кәсіпкерлер мен зерттеушілер үшін қолайлы жағдай жасайтын тартымды орталыққа айналуы мүмкін.
Олжас Бектенов елімізге халықаралық деңгейдегі сарапшылық әлеуетті тартудың және әлемдік технологиялық қоғамдастықпен кәсіби байланысты кеңейтудің маңызын атап өтті.
Қазақстанның жаңа Конституциясында адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Еліміздің дамуындағы және азаматтардың дербес деректерін қорғаудағы ЖИ рөліне ерекше назар аударылады.
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Қазіргі таңда елімізде Digital Qazaqstan цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытудың жалпыұлттық стратегиясы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанда цифрлық экономиканы дамытуға қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Ірі бастамалардың қатарында – Astana Hub, Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан «ДӨО алқабы» жобасы бар. Сонымен қатар Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында TUMO және Tomorrow School білім беру бағдарламалары жұмыс істеп жатыр.
Жиынға қатысушылар ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру маман даярлаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге және ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі жетекші халықаралық алаңдардың бірі ретінде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық мемлекеттік органдарға жобаны жүзеге асыруға жәрдем көрсетуді тапсырды.