Еліміздің барлық су объектісінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жоспарланып отыр

Сәуір 17, 2025, 10:50 Т.Қ.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірге жаңа Су кодексін іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығының жұмысына ерекше назар аударылды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бүгінде орталық мамандары су ресурстарының Ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Министр мен депутаттар жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 5000-нан астам су объектісі цифрландырылып, жүйеге енгізілген. «Қазсушар» мамандары күн сайын жүйеге өзекті деректерді енгізіп отырады. Болашақта бұл процесті толық автоматтандыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, су ресурстарының Ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеуге мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. Жоба Еуразиялық даму банкінің гранты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, немістің TalsimNG жүйесін енгізіп жатыр. Бұл жүйе су қоймаларына түсетін судың қысқа және ұзақ мерзімді болжамдарын ұсынады. Қазіргі таңда Есіл және Нұра өзендерінің бассейндері толықтай модельденген. Жыл соңына дейін елдегі барлық су ресурсын цифрлық модельдеу жоспарда бар.

Сондай-ақ кездесуде Балқаш көлін сақтау бойынша мастер-жоспар құру талқыланды. Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі Францияның даму агенттігімен келісімге қол қойды, құжатқа сәйкес француз тарапы көл бассейнін кең көлемде зерттейді. Нәтижесінде 2040 жылға дейін ұзақ мерзімді мастер-жоспар әзірленеді. Бүгінгі таңда қажетті деректерді жинау және француз сарапшыларымен ақпарат алмасу жалғасып жатыр.

Отырыста көтерілген тағы бір тақырып еліміздің су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату болды. Жұмысты үш кезеңде жүргізіп, 2027 жылға қарай аяқтау жоспарда бар. Ең алдымен су қорғау аймақтары мен белдеулері ірі су объектілерінде, кейін орта және шағын объектілерде орнатылады.

Мәжіліс депутаттары министрге және ақпараттық-талдау орталығының мамандарына атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Депутаттар кадр даярлау, құрғақшылықты болжау, ауыл шаруашылығында суды есепке алу, суды қайта пайдалану жүйесін енгізу, су маңында пайдалы қазбаларды өндіру секілді өзекті мәселелерге назар аударды.

Жаңа Су кодексі мен оған қатысты заң жобаларын әзірлеу барысында белсенділік танытқаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғыс білдіремін. Біздің бірлескен жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді. Сондықтан жаңа су заңнамасында қойылған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуіміз керек, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Теги: