Еңбек министрлігі халықты жұмыспен қамтуда ЖИ пайдаланады

Шілде 1, 2026, 9:35 Т.Қ.

1 шілдеден бастап Маңғыстау және Павлодар облыстарында ЖИ қолданатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің» жаңа моделі пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Фото: Еңбекмині

Жаңа Конституцияның ережелерін іске асыруда министрлік халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша басты бағыттарда жұмыс істемек.

— Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,5% пайызды құрады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен шамамен 228 мың азамат қамтылды. Экономикада жоспарланған 3,1 млн сапалы жұмыс орнының 2,9 миллионы қамтамасыз етілді, — деді Асқарбек Ертаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Алдағы жұмыс халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің неғұрлым белсенді моделіне көшуге бағытталмақ. Мансап орталықтары «бэк-офис» моделінен «фронт-офис» моделіне ауысады. Негізгі басымдық бейресми жұмыспен қамтуды анықтауға, азаматтарды атаулы сүйемелдеуге және оларды тұрақты жұмысқа орналастыруға бағытталады.

— Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа моделі енгізіледі. Жұмыс орындарын квоталау механизмі кеңейтіледі: атап айтқанда, квоталарды автоматты түрде белгілеу және олардың орындалуын мониторингтеу жүргізіледі, — деп атап өтті министр.

Платформалық жұмыспен қамтуды ресмилендіру және интернет-платформа жұмыскерлерін жұмыстарды орындау кезіндегі қорғау шараларымен және механизмдерімен қамту жұмыстары жалғасады.

Еңбек нарығының инклюзивтілігін арттыру мақсатында «Күміс жас» жобасын іске асыру жалғасады. Жұмыс орындарын құру кеңейтіледі. Азаматтарды креативті индустриялар саласына тарту жұмыстары күшейтілмек.

Кәсіптік оқыту және жаңа дағдыларды меңгеру тәсілдері қайта қаралады. Оқыту еңбек нарығының қажеттіліктерін ескеріп, азаматтарды алған біліктілігі бойынша кейіннен жұмысқа орналастыруға бағытталуы тиіс.

— 1 шілдеден бастап Маңғыстау мен Павлодар облыстарында ЖИ қолданатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жаңа моделі іске қосылады. Бұл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша сүйемелдеуге, бос жұмыс орындарын таңдауды жеделдетуге, оқыту бойынша ұсыныстарды дербестендіруге және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Асқарбек Ертаев.

Теги: