Энергетика министрлігі электр және жылу энергетикасы саласына бақылауды күшейтпек

Қаң. 16, 2024, 5:40 Т.Қ.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев айтты.

«Жылу энергетикасы саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында министрлік «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң әзірледі. Заң жобасында Кәсіпкерлік кодекстен электр және жылу энергетикасы саласындағы бақылау жүргізу тәртібін алып тастау арқылы бақылау функцияларын күшейту бойынша нормалар көзделген. Сондай-ақ, жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысады. Бұдан басқа, елді мекендердің шебер-жоспарларын әзірлеу, энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру, таза технологияларды қолдану арқылы жоспарлау тетіктерін жетілдіру есебінен саланы реформалау жоспарланып отыр», — деді министр.

Оның айтуынша, энергетиканың цифрлық платформасын құру жолымен бүкіл саланы мониторингтеу және бақылау нормалары көзделген. Ол қажетті шараларды әзірлеу мақсатында шоғырландырылған ақпарат жинауға және саланы талдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осы жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын және өлшемшарттарын белгілейді. Ал жылу энергиясына реттелетін тарифтер, атап айтқанда, тарифтік әдіснаманы жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту мүмкіндігі соған сәйкес келуі тиіс.

«Жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіру және халық арасында әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында халықтың осал топтарын тікелей бюджеттік қолдау тетігі қарастырылады. Сонымен қатар, жаңа станциялар салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру үшін стратегиялық инвесторды айқындау тетігі көзделген. Энергияны көп қажет ететін ірі өнеркәсіптік жобаларды қолдау үшін заң жобасында инвестициялық тарифті қолдану көзделген», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің сөзіне қарағанда, бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығы тетігін одан әрі жетілдіру мақсатында генерацияны басым іріктеуді қайта қарау бойынша түзетулер көзделген.

«Сондай-ақ, заң жобасында Жылу энергетикасы саласындағы саясат бойынша құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу көзделеді. Энергетика министрлігіне жылу энергиясын өндіру және тасымалдау саласындағы басшылық функциясы берілетін болады», — деді ол.

Теги: