Ерлан Қарин халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Горно-Алтайск қаласында өтіп жатқан «Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің лингвистері, археологтары, алтайтанушылары, түркологтары, тарихшылары жиналды.
Конференцияның ашылуында Мемлекеттік кеңесші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Владимир Мединский және Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов құттықтау сөз сөйледі.
– Ерлан Қарин түркі өркениетін зерттеуге арналған мұндай іс-шаралардың өткізілуі ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтетін маңызды бағыт екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Трансалтай диалогын» бастау жөніндегі ұсынысының мәні зор. Бұл өңірдегі ғылыми-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуді көздейді. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші биыл Қазақстанда әлемнің 11 елінен келген қонақтардың қатысуымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылғанын еске салды, – делінген хабарламада.
Сөз соңында Ерлан Қарин сындарлы әрі ашық ғылыми пікірталас алаңын ұсынған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қатысушыларға нәтижелі жұмыс пен толайым табыс тіледі.