Фильмге бюджеттен жарты млрд теңге жұмсап, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?

Қаң. 17, 2024, 2:09 Т.Қ.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мемлекет қаражатына түсірілген кинолардың сапасына сын айтты.

– Кино – өнер. Кино – бизнес. Кино – идеологияның негізгі құралы.

2023 жылғы 17 маусымда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажеттігіне нақты тоқталды. Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейгенмен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр, – дейді ол.

Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінеді. Өйткені, Ұлттық киноны қолдау орталығының кинолары не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес.

– Тіпті, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз. Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 киноға шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген.

Енді қараңыздар, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 пайызы ғана.

Келесі, Satai film түсірген «Боксшы» киносына 900 млн жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн теңгені құрады. Фильмнің идеясы, Олимпиада чемпионы Сәпиев туралы екенін білесіздер. Бірақ, кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады.

Медет фильм түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.

«Жизнь» фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңгені құраса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс.

Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген киноға бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!, – деді Дәулет Мұқаев.

Яғни, мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа түсірілген киноларды да халықтың көріп қуанып жатқаны шамалы.

Теги: