Халықтың 86%-ы Қазақстан Президентіне сенім білдіреді
2025 жылдың қазан айында ҚСЗИ тапсырысы бойынша жүргізілген қоғамдық пікірді зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентіне халық сенімі жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мәлім етті.
Мемлекет басшысына деген халық сенімі 86%-ды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы бірнеше жылда тұрақты түрде сақталып келеді және ол қоғам тарапынан елді жаңғырту мен жаңарту бағытын қолдау үрдісінің тұрақтылығын көрсетеді.
— Сенімнің ең жоғары деңгейі жастар арасында тіркеліп отыр (90,1%). Респонденттер неғұрлым жас болған сайын, олардың Президентке сенімінде жаңашылдықтан, өзгерістерден үміті жоғары. Ал аға буын жасы ұлғайған сайын, керісінше, бұл өзгерістердің олардың қалыптасқан өмір салтын бұзбағанын қалайды. Осы көңіл-күйлердің тоғысуы бүгінде азаматтардың басым бөлігін біріктіріп отырған тұрақты жаңару бағытына сүйеніш болып отыр, — делінген хабарламада.
Халықтың Президентке сенім деңгейі білім деңгейінің жоғарылауымен қатар өсіп келеді. Білім деңгейі жоғарылаған сайын адамдар реформалардың бағыт пен логикасы бар екенін, олардың кездейсоқ емес, жүйелі әрі саналы түрде жүзеге асып жатқанын көбірек сезінеді.
— Президентке деген сенімнің жоғары деңгейі тек қана қала тұрғындары арасында ғана емес (85%), ауыл тұрғындары арасында да сақталып отыр (87,6%). Ауыл тұрғындары дәстүрлі түрде мемлекетпен іс жүзінде, яғни инфрақұрылым, бағдарламалар мен төлемдер арқылы тығыз байланысты. Ал қала тұрғындарының сенімі рационалды сипатта болып, өзгерістерді жүйе ретінде қабылдауымен көбірек байланысты, — деп хабарлады ҚСЗИ-ден.
Сондай-ақ, Президентке ерлер де, әйелдер де тең дәрежеде сенім білдіреді. Тұрақтылық пен ертеңгі күнге қатысты сенімде тек ерлерге тән, не тек әйелдерге тән көзқарас жоқ, керісінше «мемлекеттің бағыты берік сақталуы тиіс» деген ортақ түсінік бар.
Осылайша, қоғамдағы сенімнің әлеуметтік портреті ел ішіндегі келісім мен тұтастықты айқындайды. Әр әлеуметтік топ сенімнің себептерін өзінше түсіндірсе де, барлығының ортақ тілегі бір — Қазақстанның тұрақты, сабақтастығы сақталған әрі әділетті дамуы.
Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2025 жылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала — Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысқан.