Халықтың нақты табысы 2,3% өсуі керек — Жұманғарин Құрылтай тапсырмалары туралы

Қаң. 21, 2026, 5:07 Т.Қ.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Президенттің V Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары қалай орындалатынын баяндады.

Үкімет

Министрдің айтуынша, Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Негізгі басымдық — халықтың табысын арттыру болмақ.

— Биыл халықтың нақты табысының өсуі 2,3% жоғары болуы тиіс. Оған экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен қол жеткізіледі. Экономиканың өсуі 5%-дан кем емес деңгейде қамтамасыз етіледі. Ол үшін негізгі капиталға салынған инвестициялдар көлемі жалпы ішкі өнімге қатысты 18%-ға дейін жеткізіледі, — деді С. Жұманғарин Үкімет отырысында.

Оған қоса, шикізатқа жатпайтын секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға және цифрландыруға баса назар аударылады.

Проактивті инвестициялық саясат жүргізіліп, кәсіпкерлікті қолдау шаралары кеңейтіледі. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде жалпы қосылған құнның экспорттық түсімдердің және еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз ететін жаңа өндірістік қуаттарды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік механизм құрылады.

Мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқаратын болады.

— Экономикалық өсудің проактивті саясатын іске асыру үшін Бәйтерек холдингінің рөлі күшейтіледі. Биыл холдингті 1 трлн теңгеден капиталдандыру көзделген. Қаржыландыруды ескере отырып, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылатын болады, — деп толықтырды Ұлттық экономика министрі.

Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады.

Теги: