Хоккей қолжетімді бола түсті: Риддер қаласының №1 мектебіндегі жаңа мүмкіндіктер
Риддер қаласындағы №12 орта мектепте хоккей – жай ғана спорт емес, оқушылардың өмір салтына айналған бағыт.
Мұнда 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалар жаттығады. Ерекшелігі – спортпен шұғылданушылардың жартысына жуығы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар, сондай-ақ дамуында кешеуілдеуі бар оқушылар. Соған қарамастан, жас хоккейшілер облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Жақында мектепке тағы бір үлкен қолдау көрсетілді – 30 жиынтық хоккей формасы табысталды. Бұл – Қазақстан хоккей федерациясы мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асты.
Жоба республика бойынша мектептерді қамтып, бұқаралық спортты дамытуға және хоккейдің өңірлерде танымал болуына бағытталған. Бағдарлама аясында оқу орындарына арнайы жаттығу құралдары, хоккей жабдықтары және 600-ге жуық толыққанды форма үлестіріледі. Алғашқы жиынтықтарды Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының мұғалімдері алды. Келесі кезеңде ел бойынша 50 мектеп қамтылмақ.
Жоба тек құрал-жабдықпен шектелмейді. Балалар хоккеймен қызықты әрі қолжетімді форматта таныссын деген мақсатпен Salem Hockey бағдарламасы іске қосылды. Оның ішінде ашық сабақтар, фестивальдер, шеберлік сағаттары, экскурсиялар және «Демалыс күнгі хоккей» секілді шаралар бар. Сондай-ақ, балаларға арналған арнайы сайт ашылып, онда ойын ережесі мен қажетті құрал-жабдық туралы қарапайым әрі түсінікті ақпарат берілген.
Бұл бастама ұстаздарға да жаңа мүмкіндік сыйлайды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері JAS NOMAD бағдарламасы бойынша арнайы семинарлардан өтіп, хоккейдің негізін үйреніп, оны қалай тиімді оқытуға болатынын меңгереді. Бұл мектептегі хоккей үйірмелерін кәсіби деңгейге көтеруге ықпал етпек.
Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков пен Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры Арман Ташметов қол қойған келісімге Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері де қатысты.
Жобаның басты мақсаты – әр балаға мұз айдынына шығып көруге мүмкіндік беру. Бүгін бұл мектеп сабағындағы алғашқы қадам болса, ертең ол спорт мектебіне, жарыстарға, ал болашақта – арман командасына жетелейтін жол болуы мүмкін.