Іле, Ертіс, Шелек өзендерінде су электр стансалары салынады

Қаң. 16, 2024, 4:38 Т.Қ.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов айтты.

«Самұрық-Энерго жобаларының портфелінде қазіргі кезде бірнеше су электр станциясын салу бойынша инвестициялық жобалар пысықталуда. Оның ішінде Іле өзенінде қуаттылығы 50 МВт Кербұлақ ГЭС-і, Ертіс өзенінде қуаттылығы 300 МВт-ға дейін Семей ГЭС-і және Шелек өзенінде қуаттылығы 70 МВт ГЭС-29 бар. Осы жобалар бойынша жобалау алды құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ құрылыс үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде», — деді ол.

Оның атап өтуінше, Семей ГЭС жобасына қазіргі уақытта әлеуетті инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Семей ГЭС-і бойынша Катардың Небрас Пауэр компаниясымен, Шелек өзеніндегі ГЭС бойынша қытайлық серіктес Пауэр Чайна компаниясымен ынтымақтастық қарастырылуда.

«Ал Кербұлақ ГЭС-ін өз күшімізбен салуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған гидрожобаларды іске асыруды аяқтау 2027-2028 жылдарға болжанып отыр. Осы ГЭС салу жобаларын ойдағыдай іске асыру үшін Энергетика министрлігімен инвестицияларды қайтару механизмін айқындау жолында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», — деді Қайрат Мақсұтов.

Теги: