Италия Президенті бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

Қыр. 29, 2025, 8:43 Т.Қ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелланы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ақорда

Бұл туралы Ақордада Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Италия — Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінде екі ел арасында берік достық пен сыйластыққа негізделген байланыс орнады. Барлық деңгейдегі ықпалдастығымыз қарқынды дамып келе жатыр. Италия Президенті осы оң үрдіске қолдау білдіріп, елеулі үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін мен жоғары мәртебелі Президент Серджо Маттарелла мырзаға бірінші дәрежелі «Достық» орденін табыстадым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында.

Мемлекет басшысы қазақ халқының Италия халқына деген құрметі ерекше екенін баса айтты.

— Екі ел арасындағы өзара тығыз қарым-қатынас дәстүрлі достыққа негізделген. Біз Италияның бүкіл әлем өркениетінің дамуына қосқан зор үлесін мойындаймыз. Бұл марапатты қазақ елінің сізге және сіздің еліңізге деген риясыз көңілі деп қабылдаңыз, — деді Президент.

Теги: