Қандаланы улаймын деп көршінің балаларын өлтіріп алған Ақтау тұрғыны сотталды

Қаң. 18, 2024, 5:37 Т.Қ.

Ақтау қаласында пәтерін қандаладан улаймын деп абайсызда көршілерін өлтіріп алған адамға сот үкімі шықты. 48 жастағы қала тұрғынына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Тұрғын санитарлық қағиданы бұзып, абайсызда екі кішкентай баланың өліміне әкеліп соққан іс-әрекеті үшін кінәлі деп танылған.

Ол жарнама арқылы жәндіктерді жоюға арналған улағыш заттарды сатып алып, пәтеріндегі қандаланы жою мақсатында қолданған.

Алайда бұл әрекетін көршілеріне ескертпеген.

Улағыш заттан аммиак пен карбоксигемоглабиндер бөлініп, одан жоғарғы қабаттағы басқа пәтердің 7 тұрғыны уланды.

Оның ішінде екі кішкентай бала қайтыс болған еді. 

Сотта 48 жастағы тұрғынның кінәсі химия-токсикологиялық сараптама қорытындысымен, куәлардың жауаптарымен, айғақ заттарды қарап-тексеру хаттамасымен дәлелденген.

— Сот күдіктіні ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылдады. Жазасын Қылмыстық кодекстің 46-бабы 5-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық атқару жүйесі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған үйқамақ алынсын. Жазаны өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен, яғни 18 қаңтардан бастап есептеледі, — деді Ақтау қалалық сотының судьясы Ақмарал Хасенова.

Теги: