Қарағанды облысында қар құрсауынан 400-ден астам адам құтқарылды

Наурыз 11, 2026, 7:47 Т.Қ.

Бір тәулік ішінде ТЖМ қызметкерлері өңір жолдарында ауқымды құтқару операциясын жүргізді. Қар құрсауында қалған көліктер мен кептелістерден жүздеген адам, оның ішінде балалар эвакуацияланды.

Бейнежазбадан

Өткен тәулікте Қарағанды облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары автожолдардағы қар құрсауы мен көлік кептелісінде қалған 407 адамды эвакуациялады.

Абай ауданында Астана – Қарағанды – Алматы автожолындағы кептелістен 49 адам Қарағанды қаласына жеткізілді. Олардың ішінде 5 бала бар.

Қарағанды қаласының өзінде жабылған жол учаскесінде ТЖМ-нің 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кептеліп қалған көліктерден 30 адамды, оның ішінде 4 баланы эвакуациялады. Адамдар Теміртау қаласының автовокзалына жеткізілді.

Бұқар жырау ауданында облыстық маңызы бар Қарағанды – Доскей – Тоғызқұдық – Ботақара автожолында қарда тұрып қалған бес көліктен 20 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Олар Қарағанды қаласының автовокзалына жеткізілді.

Сондай-ақ осы ауданда Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті республикалық трассасында Майөзек ауылы маңында жол жиегіндегі кемпингке бұзылып қалған жеңіл көліктен 9 адам, оның ішінде 2 бала жеткізілді.

Осакаров ауданында Нұра – Осакаров облыстық маңызы бар автожолында қарға көміліп қалған төрт жүк көлігі мен бір жеңіл көліктен 12 адам, оның ішінде 2 бала эвакуацияланды. Олар Осакаров кентіне жеткізілді.

Сонымен қатар Осакаров – Молодежный жолында қар құрсауында қалған үш жеңіл көліктен 5 адам Пионерское ауылына жеткізілді.

Тағы бір ірі жағдай Астана – Қарағанды тасжолында, Ошаганды кенті маңында тіркелді. Мұнда жаппай жол-көлік оқиғасы болған. Көліктер жиналған жерден ТЖМ-нің вахталық автобустарымен және Апаттар медицинасы орталығының бригадасымен бірлесіп 111 адам Теміртау қаласындағы жылыту пункттері мен медициналық мекемеге жеткізілді. Адамдарға ыстық тамақ беріліп, қажетті көмек көрсетілді.

ТЖМ мәліметінше, эвакуацияланғандардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

Құтқарушылар өңір тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға, ауа райы болжамын қадағалауға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға шақырады.

Теги: